Өмір үшін күресіп жатқан 19 жастағы жігіттің жанайқайы әлеуметтік желіде жарияланған. «Маскадағы адам» атымен танылған азамат ауыр дертке шалдыққан Әлішерге емге қажетті қаражат пен баспана сыйлады.
«Дәрігерлер осы қалпымда жүрсем, бірнеше аптадан бірнеше айға дейін ғана өмір сүресің деп жатыр. «Маскадағы адам», өтінемін, сенен көмек сұраймын», — дейді жас жігіт желіде тараған видеода.
Оның жанұшыра сұраған көмегін елеусіз қалдырмай, емделіп жатқан ауруханаға арнайы іздеп барып, көмек қолын созды.
«Менің есімім – Әлішер, 19 жастамын. Бауырымнан қатерлі дертке шалдықтым, карцинома. Қазір 3-стадиядамын. Оның үстіне бауырымда қазір тромб пайда болды. Осымен төртінші жыл ауырып жүрмін. Жақында әкем қайтыс болды. Біз жалдамалы пәтерде өмір сүріп жүрміз.
Дәл қазіргі уақытта бауырымды ауыстыру керек. Сол себепті Беларусь елінде жасау үшін ақша жинау жұмысын жүргізіп жатырмын. Ол үшін 80 млн теңге қажет», — дейді жас жігіт.
Осы тұста «маскадағы бейтаныс жігіт» одан көптен бері армандап жүрген арманын сұрайды.
«Тезірек жазылып кетсем деймін. Бүгінге дейін босқа қиналдым ба?! Босқа шыдадым ба?!» — дейді Әлішер.
«Маскадағы жігіт» Әлішерге қиындыққа мойымай, алға ұмтылып жүргенін айтып, өзімен бірге алып келген сыйлығын береді.
«Бүгін сізді Жаратушымыз ары қарай жетелейді. Мына конвертте еміңізге қажетті толық ақша бар әрі оған өз кәсібіңізді аша аласыз. Сол сияқты мынау да сіздікі», — деп пәтердің кілтін қолына ұстатты.