SteppeNews.kz: Маңғыстау ауданында толассыз жауған жауын соңы ірі көлемдегі мал шығынына ұласты. Қолайсыз ауа райының салдарынан жүздеген жылқы батпаққа батып, қырылып қалды, деп хабарлайды SteppeNews.kz Lada.kz-ке сілтеме беріп.
Жергілікті тұрғындар мал шығыны туралы алғашқы ақпараттарды әлеуметтік желілерде бөлісуде. Ауыл тұрғындарының айтуынша, табиғи апат әр шаңыраққа соққы болып тиген: әр аула бірнеше бастан бастап, он басқа дейін малынан айырылған. Әсіресе, Ақшымырау ауылы маңындағы жағдай өте күрделі.
Жағдайды өз бақылауына алған Маңғыстау ауданы әкімдігі арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Мемлекеттік органдар өкілдерінен жасақталған топ қазіргі уақытта оқиға орнында шығын көлемін бағалап жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, 100-ден астам жылқының өлегі табылған.
«Маңғыстаудағы нөсер жауыннан кейін Ақшымырау ауылы маңындағы малды су ағызып әкетіп, сор батпаққа түскен. Көптеген жылқы тұзды батпаққа батып қырылды, тағы бір бөлігі шыға алмай жатыр. Егер Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті билік көмектеспесе, жағдай айтарлықтай нашарлауы мүмкін», дейді тұрғындар.
Ауыл халқы бұл мәселеге заң шығарушы органдар мен зооқорғаушылардың шұғыл назар аударуын сұрайды. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қырылған малды жинау және нақты санын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

