STEPPENEWS.KZ: Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттарға халықаралық құжаттарды ратификациялауға қатысты бірнеше заң жобасын қарау ұсынылады. Олардың қатарында 2023 жылғы 4 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шыққан жерін анықтаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісім бар. Бұл құжат тауарлардың шығу тегін анықтау және растау мәселелерінде мүше мемлекеттердің тәсілдерін біріздендіруге бағытталған. Ол бақылаудың бірыңғай қағидаларын қамтамасыз етіп, қазақстандық өнімнің сұр реэкспорт схемаларының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 8 мамырда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің сақталуын мемлекеттік бақылау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарау жоспарланып отыр. Бұл құжат ықтимал тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, Мәжіліс мемлекеттік қызмет, Алатау қаласының арнайы мәртебесі, инвестициялық қорлар, машина жасау саласын дамыту, жол қауіпсіздігін цифрландыру, сондай-ақ жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң жобаларын талқылайды.

