Желіде пранк түсіруді сәнге айналдырған блогерлерге қатаң шара қабылдау керек. Осылай деген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев «әзілдің шекарасынан асып кеткен селтеңбайлар» қоғамның тыныштығын бұзып, адамдардың өмірі мен психологиялық жағдайына қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.
Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта елде пранк жасау арқылы танылғысы келетіндердің әрекеті шектен шығып барады.
«Бүгінгі депутаттық сауалым «Ойын түбі — от, тұман түбі — жұт» дегенді санасына сіңірмеген селтеңбайлар туралы. Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті», – деді Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс отырысында.
Ол сөзіне нақты мысалдар келтіріп өтті.
«Астана қаласында блогер достарымен бірге лифттің ішіне «жалған мәйітті» кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан даусы шықты. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алды. Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Мұндай мысал мың. Желіге желімдей жабысқандар «пранк» деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес. Ол ол ма, біздің блогер-сымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр. Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», — деді ол.
Сондай-ақ депутат пранктің жаңа, қауіпті түріне, яғни жасанды интеллект арқылы жасалатын фейк бейнероликтерге де назар аудартты. Оның айтуынша, мұндай видеоларда мемлекеттік тұлғалар мен жай адамдардың түрі қолданылып, қоғамда жалған түсінік қалыптастырып жатыр.
«Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интелект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды. Ол ол ма, жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, «24 сағат табытта» атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды», — деді депутат.
Нартай Сәрсенғалиев осындай теріс әрекеттердің алдын алу үшін Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады. Оның сөзінше, қоғамдық тәртіпті бұзған және жеке өмірге қол сұққан пранкерлердің бірыңғай тізімін жасап, оны жариялау; адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірген парақшаларды дереу бұғаттау; әлеуметтік желі әкімшілеріне қауіпті пранктер туралы уәкілетті органға дереу хабарлау міндетін жүктеу; ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керек.
«Хәкім Абай: «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, зияны тимек» деген уағында. Сондықтан өлшемге өресі жетпейтіндерді заңмен тұсайтын кез келді», – деп түйіндеді депутат.
