STEPPENEWS.KZ: Туризм және спорт министрлігі 2026 жылға арналған мәдени-туристік іс-шаралар күнтізбесін әзірледі. Құжатта еліміздің 20 өңірінде өтетін 55 ауқымды оқиға қамтылған.
Аталған күнтізбе ішкі туризмді дамытуға, туристік бағыттарды әртараптандыруға және өңірлік брендтердің танымалдылығын арттыруға бағытталған. Онда мәдени, этномәдени, спорттық, гастрономиялық және экологиялық сипаттағы түрлі іс-шаралар енгізілген. Бұл туристерге жеке қызығушылықтары мен маусымдық ерекшеліктерді ескере отырып, сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Жоспарланған бастамалардың басым бөлігі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Мұндай іс-шаралар өңірлерге деген тұрақты қызығушылықты қалыптастырып, оқиғалар күнтізбесінің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жобалардың көпшілігі бизнес өкілдерінің қатысуымен немесе демеушілік қолдауымен ұйымдастырылады. Бұл оқиғалы туризмді бюджетке қосымша жүктеме түсірмей дамыту қағидатына сай келеді.
Туристер үшін қолайлылықты арттыру мақсатында www.event.qaztourism.kz веб-платформасы іске қосылды. Аталған ресурс арқылы іс-шараларды өткізу уақыты, өңірі, санаты және ауқымы бойынша оңай әрі жылдам таңдауға болады.
2026 жылға арналған мәдени-туристік күнтізбе Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында әзірленді. Бұл бастама оқиғалы туризмді жүйелі түрде дамытуға, өңірлердің туристік бірегейлігін нығайтуға, тиімді цифрлық шешімдерді қалыптастыруға және Қазақстан бойынша саяхаттардың тартымдылығын арттыруға бағытталған.

