STEPPENEWS.KZ: Беларусь президенті Александр Лукашенко Пхеньянға жасаған ресми сапары аясында Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынға ерекше тарту жасады. Екі ел басшыларының кездесуі кезінде Лукашенко Ким Чен Ынға өз елінде шығарылған атыс қаруын табыстады.
Қаруды тапсыру сәтінде Беларусь басшысы әзіл-шыны аралас ескерту жасауды да ұмытқан жоқ. Ол өз елінде қару-жарақ пен оқ-дәрі өндірісі жолға қойылғанын мақтанышпен атап өтті.
«Дұшпандар пайда болып жатса, керек болып қалар», — деп қалжыңдады Александр Лукашенко сыйлығын ұсынып жатып.
Желіде тараған видео кадрларынан Ким Чен Ынның бұл сыйлыққа дән риза болғаны анық көрінеді. Ол автоматты бірден қолына алып, зор қызығушылықпен мұқият қарап шықты. Бұған жауап ретінде КХДР көшбасшысы мәртебелі мейманға қылыш, үлкен ваза және осы сапарға арнайы соғылған алтын тиын тарту етті.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың жаңа кезеңі басталғанын айтқан басшылар достық пен ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойды. Бұл құжат білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы сияқты онға жуық стратегиялық бағытты қамтиды. Пхеньян төріндегі салтанатты рәсім мыңдаған адамның қатысуымен және отшашумен ерекшеленді.

