STEPPENEWS.KZ: Елорда Астанада салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) ресми іске қосылуына санаулы айлар қалды. Осыған байланысты Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Қазақстанның «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобаның бастау кезеңі мен алдағы даму бағытына назар аудардық.
Мегажобаның басталуы
Астана қаласының көлік инфрақұрылымын әртараптандыру мақсатында LRT желісінің құрылысы 2011 жылы қолға алынды. Алғашқы жоспарға сәйкес, жеңіл рельсті аспалы трамваймен қатар жүрдек троллейбус дәлізін салу көзделген еді. Желі әуежайдан басталып, қаланың орталығындағы «Абу Даби Плаза» кешені арқылы өтіп, теміржол вокзалдарын байланыстыруы тиіс болатын.
Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы келісімге сай, құрылыстың алғашқы кезеңі 2011 жылы басталып, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланды. 2011 жылғы 4 шілдеде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жобаның алғашқы капсуласын салтанатты түрде қалады. Алайда қаржыландыруға қатысты қиындықтарға байланысты жоба уақытша тоқтап қалды.
2015 жылы LRT жобасы қайта жанданып, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев Бейжің тарапынан қаржыландыру жөнінде келісімге қол қойды. Келісім бойынша жобаның жалпы құнының 80 пайызына тең 1,6 млрд долларды Қытай банктері қарыз ретінде бөлуге тиіс болды. Қалған бөлігін Қазақстан Үкіметі өз міндетіне алды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 ақпандағы №93 қаулысына сәйкес, LRT жобасын жүзеге асыру үшін «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd», «Beijing State-Owned Assets Management Co., Ltd» және «China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd» компанияларынан құралған қытайлық консорциум тартылды.
LRT жобасының жаңа кезеңі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың иісі аңқып тұрған жоба деп атаған бұл ұзаққа созылған құрылыс 2021 жылы қайта жандана бастады. Сол жылдың 28 маусымында CRAEG қытайлық консорциумы құрылыс алаңында монтаждау жұмыстарына дайындықты бастады.
Президент тапсырмасы мен Үкімет қабылдаған нақты шаралардың нәтижесінде жоба жаңа қарқын алып, келесі кезеңге өтті.
2025 жылғы 29 қыркүйектен бастап Астанада LRT жүйесі сынақ режимінде пайдалануға берілді. Бұл кезеңде инфрақұрылымның техникалық дайындығы, қозғалыс қауіпсіздігі және жолаушыларға қолайлылығы тексерілді.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесі алдағы бір-екі айдың ішінде толық іске қосылады.
— LRT 30 қыркүйектен бері сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, яғни шамамен 2,5 ай өтті. Ай соңына дейін барлық вагондар жеткізіледі деп күтілуде. Станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталу сатысында. Бастапқыда сынақ мерзімі 3 айдан 6 айға дейін созылады деп жоспарланған. Алдағы бір-екі айда барлық жұмыстар аяқталып, LRT-ны іске қосуды көздеп отырмыз, — деді әкім.
Қала басшысының айтуынша, LRT жол ақысының жобалық құны — 200 теңге.
Қала тұрғынының пікірі
Астана қаласының тұрғыны Наргүл Базарқұлованың айтуынша, LRT желісінің іске қосылуы тұрғындардың қоғамдық көлікпен қатынауын едәуір жеңілдетпек.
— Мен жаңа теміржол вокзалы маңындағы «Басқару» тұрғын үй кешенінде тұрамын. LRT-ның іске қосылуын асыға күтіп жүрмін. Себебі одан «Мега» мен «Абу Даби Плаза» сауда орталықтарына, сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылындағы жұмыс орныма тез әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік туады, — дейді ол.
Оның айтуынша, жоба басталғаннан бері барлық кезеңіне куә болған. Құрылыс жұмыстары қарапайым тұрғындардың тұрмысына белгілі бір қолайсыздықтар тудырғанымен, жобаның толық аяқталуын қолдайтынын жеткізді.
— Қала жылдан жылға кеңейіп, көркейіп келеді. LRT құрылысы басталғанда бұл маңда ештеңе жоқ еді. Құрылыс кезінде тұрғын үйдің айналасында ауыр техникалар жүріп, сыртқа шығуымызға ыңғайсыздықтар туғызды. Ал қазір көшенің көрінісі көз тартады, елорда келбетіне тың бояу қосты. Сынақ кезінде пойыздың қозғалып бара жатқанын көргенде ерекше қуандым. Жобаға тек сәттілік тілеймін, — дейді қала тұрғыны.
Қытайда білім алған операторлар елге оралды
2025 жылдың қыркүйек айында LRT пойыздарының операторларын даярлау бағдарламасының екінші кезеңі аяқталды. CTS компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 маман Қытайдың Тяньцзинь қаласында оқудан өтіп, қорытынды емтихандарды сәтті тапсырып, біліктілігін растайтын сертификаттарға ие болды.
Оқыту үш кезең бойынша ұйымдастырылды: Астанадағы базалық курс, шетелдегі тереңдетілген теориялық дайындық пен практикалық тағылымдама, сондай-ақ елордадағы LRT құрамдарында сынақтан өту.
Сабақтарды Тяньцзинь метрополитені мен Чжэнчжоу теміржол кәсіби-техникалық институтының мамандары жүргізді. Ал практикалық бөлім Қытайдағы ең көне әрі ірі метрополитендердің бірі саналатын Тяньцзинь метрополитенінде өтті.
Қытайда тағылымдамадан өткен LRT операторы Дархан Қосановтың айтуынша, мамандар Астананың климаттық және пайдалану ерекшеліктеріне бейімделген арнайы симуляциялық бағдарламадан өткен.
— Бағдарлама өте мазмұнды болды. Біз заманауи технологиялармен, компьютерлік модельдеумен, жаңа тренажерлармен жұмыс істедік. Негізгі назар жолаушылар қауіпсіздігі мен қозғалыстың жайлылығына аударылды, — дейді 16 жылдан астам тәжірибесі бар теміржолшы.
Ал LRT құрылысына қатысушы Жеңіс Болатұлы жобаның жалғасын табуы қала инфрақұрылымының дамуына серпін беретініне сенімді.
— Жұмыс барысында қытайлық әріптестерімнен көп нәрсе үйрендім. Олардың басты ерекшелігі — еңбекқорлығы. Ұзақ үзілістен кейін құрылыстың жылдам әрі сапалы жүргізіліп жатқанын көрдік. Сондықтан бұл жоба өз жалғасын табады деп сенемін, — дейді ол.

LRT жобасының болашағы
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, алдағы уақытта LRT желісін Қосшы қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жеңіс Қасымбек бұл бағытта құрылыстың келесі кезеңі көзделгенін растады.
— Қосшы қаласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағыт Астанаға көлік жүктемесін азайтуға айтарлықтай көмектеседі. Сондықтан LRT-ның келесі кезеңін дәл осы бағытта салуды көздеп отырмыз, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, жобаның екінші тармағы Сығанақ көшесі арқылы Тұран даңғылына, одан әрі қаланың ескі бөлігі мен теміржол вокзалына дейін жалғасады. Қосшыға дейінгі рельс төсеу жұмыстары алдағы бір жарым жылда аяқталады. Кейбір учаскелерде пойыз бетон тіректердің үстімен емес, жер бетімен қозғалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту ұсынысын қолдады.
— Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс, — деді Тоқаев.

