Журналист Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ер жетіп қалған ұлдарымен не жайында сөйлесетінін айтты.
«Бұл жолы ұзақ сөйлестік. Әдетте видеоға сирек түсетін, рұқсаттарымен ғана сөйлесетін 16 және 18 жастағы ұлдарыммен достық форматта пікірлестім. Тым жекеге бармаймын — ұялам ба, әлде «өздері біледі ғой» деп ойлаймын ба, білмеймін. Бірақ қыздарға деген құрмет, жауапкершілік, тұрақтылық жайлы жиі айтамын — бұл мен үшін ең маңыздысы», — дейді ол.
Ләйлә Сұлтанқызы кейде ұлдары ұрысып қалатынын да жасырмады.
«Ондайда эмоцияға берілмей, отырғызып сөйлесемін, түсіндіремін, кешірім сұратып, татуластырамын. Үлкеніне көбірек сенім артамын: үйдің шаруасын, інісінің ортасын, ұсақ-түйек жөндеу, бақылау – бәрін соған тапсырамын. «Әкесінің орнында сезінсін» деймін. 25-ке дейін үйленемін деп отыр», — деп толықтырды ол.
Журналист туыстық байланысқа да мән беретінін, кейбірін танымаса да үлкендер, ата-бабасы, туыстары ұмытылмасын деп чатқа суреттері мен видеоларын жиі жіберетінін атап өтті.
«Жақында үлкен ұлым «махаббатыңызды тапсаңыз, бізге қарамаңыз» деді. Күлкілі де, жүрекке де тиетін сөз болды. Махаббат туралы жиі сөйлесеміз — бәлкім жастық әсері шығар, бірақ ересек адамдай әңгіме айтады. Қысқасы, ұлдарыммен достық, сенім және жауапкершілік туралы әңгімелесемін. Ал махаббат — сол әңгіменің ең жылы бөлігі», — деп түйіндеді Ләйлә Сұлтанқызы.
