Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан аяқталды. Оқу-ағарту министрлігі күзгі демалысты ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, өңірлерге жолдады.
«Адал азамат» тәрбие бағдарламасы
Іс-шара «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында өткізіледі. Кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі кәсіптің үздік өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланды.
Виртуалды экскурсиялар мен онлайн жарыстар
Өмірлік қиын жағдайларға тап болған, үйде оқитын оқушылар үшін виртуалды экскурсиялар, онлайн жарыстар, психологтармен іс-шаралар, белгілі бір пәндер бойынша кеңес беру маңызды.
Ата-аналармен өзара қарым-қатынас
Ата-аналармен өзара қарым-қатынас құру үшін балалармен бірлесіп, мәдени-көпшілік және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын, экскурсиялар, интернет-марафондар, ата-аналарға арналған конференциялар мен форумдар өткізу жоспарланған.
Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары құқық қорғау, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар органдарының өкілдерін шақыру арқылы тәрбие жұмыстары және зиянды әдеттердің алдын алу бойынша кеңес беру іс-шарасын ұйымдастырады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мектептің де, ата-аналардың да басты міндеттерінің бірі. Сондықтан аталмыш іс-шараларды өткізбес бұрын күзгі демалыс кезінде оқушылар мен олардың ата-аналарына өмір қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау туралы нұсқаулық жүргізу маңызды.
Еске салайық, биылғы оқу жылында күзгі демалыс 27 қазаннан басталып 2 қарашаны қоса алғанда 7 күнтізбелік күнді құрайды.
