STEPPENEWS.KZ: Көкшетау қаласындағы жеке үйлердің бірінде анасы мен екі баласы иіс тиіп, уланды. Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқыс оқиғаға пештің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған.
Алдын ала болжам бойынша, үй иелері түнде пештің мұржасын ерте жауып тастаған, соның салдарынан бөлме ішіне улы газ жиналған. Зардап шеккен 1993 жылғы әйел мен оның кәмелетке толмаған балалары дереу облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер балаларды тексергеннен кейін үйлеріне жіберді, ал анасы стационарлық ем қабылдау үшін ауруханада қалды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Құтқарушылар жылыту маусымында тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Төтенше жағдайлар департаменті пеш мұржасын уақытылы тазалап, заслонканы (жапқышты) көмір толық жанып болмай жаппау қажеттігін ескертеді.

