Қазақстанда кітап саласын дамытуға бағытталған жүйелі шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. 2025 жылғы 23 сәуірде қазақстандықтар Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнін алғаш рет атап өтті.
Атаулы күнге арналған құттықтау сөзінде Президент: «Кітап оқитын ұрпақтың ой-өрісі кең болады. Ұлттың сапасы осындай рухани құндылықтар арқылы қалыптасады», – деп атап өтті.
Осы мерекеге орай ел көлемінде тұңғыш рет «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Ұлттық кітап күніне арналған апталық аясында республика бойынша 300-ден астам мәдени іс-шара өткізілді.
Мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау тетіктері де біртіндеп жетілдірілуде. Атап айтқанда, жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнайы әдеби сыйлық, «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы табысталуда.
Сонымен бірге Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік негізінде бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Олардың қатарында «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі», сондай-ақ қазақстандық авторлардың ТМД елдері архивтерінде жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары бар.
Жүргізілген жұмыстардың нақты нәтижелері баспа саласында да көрініс тапты. 2025 жылы 119 атаулы әдеби шығарма 240 500 дана таралыммен жарық көріп, елдегі жалпыға қолжетімді кітапханалар қорына таратылды.
Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамының бейнесін көркем әдебиет арқылы дәріптеуге бағытталған «Ерлік пен еңбек дастаны» республикалық байқауы өткізілді.
Маңызды бағыттардың бірі — қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде таныту және мәдени байланыстарды нығайту. Италия тарапының қолдауымен Рим қаласында Шоқан Уәлихановтың мұрасына арналған басылымның тұсаукесері өтті. Итальян тілінде жарық көрген бұл еңбек ағылшын тілінде де қолжетімді.
Халықаралық мәдени бастамалар аясында қазақстандық баспагерлер Бейжің, Гуанчжоу және Майндағы Франкфурт қалаларында өткен ірі кітап көрмелеріне қатысты. Франкфурттағы әлемдік кітап жәрмеңкесінде ұлттық павильон ұйымдастырылып, жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» және басқа да мерейтойлық басылымдар көпшілікке ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Air Astana әуе компаниясы арасындағы ынтымақтастық аясында әуе рейстерінің жолаушыларына бортта ұлттық аудиоконтентті тыңдау мүмкіндігі берілді.

