Алматы облысы Кеген аудандық соты төрт баласына алимент төлемеген ер адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1 күнге қамауға үкім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың ақпан айындағы сот шешімімен К. есімді азаматтан бұрынғы жұбайының пайдасына кәмелетке толмаған төрт баласын асырауға ай сайын табысының жартысын төлеу міндеттелген. Алайда ол жеті ай бойы алимент төлемей, 1,5 миллион теңгеден астам қарыз болған.
Жеке сот орындаушысы борышкердің бірнеше ескертуге қарамастан, Кеген аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелмегенін және төлем жасамағанын анықтаған. Осыған байланысты К.-ні ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізілген.
Сот отырысында К. өз кінәсін мойындамай, қарызы туралы хабарлама алмағанын және бұрынғы жұбайы балаларымен басқа ауданға көшіп кеткенін алға тартқан. Алайда сот оның әрекеттерін сот шешімін орындамау деп бағалап, кінәсін дәлелденген деп тапты.
Нәтижесінде ер адам Әкімшілік кодекстің 669-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
