STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандыру жарналары есептелетін табыстың жоғарғы шегі ұлғаяды.
Бұл өзгерістерге QazaqExpertClub денсаулық сақтау саласындағы сарапшысы Гүлнафис Жүсіпалиева түсініктеме берді.
Оның айтуынша, жаңашылдық негізінен жоғары табыс табатын азаматтарға қатысты.
Қызметкерлердің 91 пайызы үшін ештеңе өзгермейді – олардың жарналары бұрынғы мөлшерде қалады.
Бұл өзгерістердің мақсаты қандай?
Сарапшының сөзінше, қабылданып отырған шаралар МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі емдеу, тексеру және дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығын жыл сайын артып келеді.
Бұл ретте жарна мөлшерлемелері көтерілмейді, тек есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс шегі өзгертіледі. Сонымен қатар, мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін өз жарналарын кезең-кезеңімен арттырады. Бұл жүктеме жұмысшылар мен бизнеске жүктелмейді.
Осылайша, жүйенің негізгі қағидаты айқындалады:
көп табыс тапқан – көбірек үлес қосады.
Нәтижесінде, бұл өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, азаматтардың медициналық көмекке **кепілді қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
2026 жылдан бастап тұрмыстық жағдайы күрделі және шұғыл деңгейде бағаланған азаматтар (D және E санаттары) медициналық көмекке қол жеткізе алады.
Бұл шамамен 1 миллионға жуық адамды қамтиды. Аталған азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Яғни, табысы төмен, тұрақты жұмысы немесе кірісі жоқ адамдар да МӘМС аясында жоспарлы медициналық көмекті толық көлемде ала алады. Олар үшін жарна төленбегені себепті медициналық қызметтен бас тарту болмайды.
Сонымен қатар, мемлекет ресми түрде тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін де МӘМС жарналарын өз мойнына алады. Бұл әлеуметтік қорғауды күшейтіп, адамдардың денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалып қою қаупін азайтады.

