STEPPENEWS.KZ: Нью-Дели төрінде оқ атудан өткен Азия чемпионатында лейтенант Ислам Сәтпаев жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Отандасымыз 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі винтовкамен жатып ату сайысында алтын жүлдені қанжығасына байлады.
Дәл осы бағдарламада қазақстандық мергендердің басымдығы айқын сезілді: күміс жүлде Никита Шахторинге бұйырса, командалық сында Сәтпаев, Шахторин және Константин Малиновский үштағаны құрама қоржынына кезекті «алтынды» салды. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бес медальға (үш алтын, екі күміс) иелік етіп, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Айта кетейік, 20 мемлекеттен 320 спортшы қатысқан дүбірлі додада еліміздің намысын 47 мерген қорғап жатыр.

