Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, соңғы жылдары интернет алаяқтық мәселесі елдегі ең өзекті проблемалардың біріне айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, азаматтардың жеке деректері заңсыз жиналып, сатылып, банк карталары мен онлайн-сервистер арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеп барады.
«Мемлекет қолға алған шаралар біз күткен нәтижені бермей отыр. Азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімі төмендеп, шағымдар көбейіп келеді. Бұл мәселеге мемлекет басшысы бірнеше рет назар аударған болатын», – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлі атап өткендей, 2025 жылдың маусым айында 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегінің тарап кетуі мемлекеттік және квазимемлекеттік жүйелердің осал тұстарын айқын көрсеткен.
Сондай-ақ, ол жеке сектордағы қауіптерге де назар аударды.
«Банктер, телеком-компаниялар, маркетплейстер және сауда желілері тұтынушылардың деректерін түрлі мобильді қосымшалар мен бонустық бағдарламалар арқылы жинайды. Бұл ақпараттар геолокациямен байланысты болғандықтан, олардың қауіпсіздігі тіпті маңызды», — деді депутат.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы елде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Көбіне зейнеткерлер, жастар және әлеуметтік осал топтар зардап шегіп отыр. Жалпы залал көлемі 6 миллиард теңгеден асқан.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңнамалардағы жауапкершілік шаралары компаниялардың ауқымын ескере бермейді. Сондықтан кейбір ірі компаниялар үшін айыппұл төлеу тиімдірек, олар деректердің қауіпсіздігін арттыруға нақты қадам жасамайды.
«Халықаралық тәжірибеде бұған қатаң жауапкершілік бар. Мәселен, Еуропалық Одақта GDPR ережесін бұзған компаниялар 20 млн еуроға дейін немесе жылдық айналымының 4 пайызына дейін айыппұл төлейді. Қытайда – 50 млн юаньға дейін немесе 5%, Австралияда – 50 млн австралия долларына дейін немесе компания табысының 30%-ына дейін айыппұл салынады. Мұндай тәсіл заң бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді», – деді Әбутәліп Мүтәлі.
Осыған байланысты депутат жеке деректердің заңсыз пайдаланылуы үшін жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
