STEPPENEWS.KZ: Иранның әуе кеңістігінің жабылуына және аймақтағы тұрақсыз ахуалға байланысты Air Astana компаниясы Таяу Шығыс бағытындағы рейстер кестесіне шұғыл өзгерістер енгізді. 28 ақпанда ұшып шыққан бірнеше ұшақ кері қайтарылып, кейбір рейстер бағытын өзгерткен.
Атап айтқанда, Алматыдан Медина, Дубай, Доха қалаларына және Астанадан Дубайға бағыт алған рейстер ұшып шыққан әуежайларына қайта қонды. Ал Алматы – Дубай бағытындағы рейс Делиге бұрылып, Ақтаудан шыққан ұшақ қосалқы әуежайға бағытталды. Осы бағыттағы өзге де барлық рейстер тоқтатылды.
«Air Astana компаниялар тобы жағдайды жіті қадағалап, жолаушыларды тасымалдау мәселелерін шешіп жатыр. Әуежайларға ұшып келу және ұшып кету уақыттарында өзгерістер болуы мүмкін болғандықтан, жолаушылардан рейс мәртебесін тексеруді сұраймыз. Жидда, Медина және Дубай қалаларына алынған билеттерді 6 наурызға дейін (қоса алғанда) сатып алынған жері бойынша тегін қайта брондауға немесе қайтаруға рұқсат етіледі», — деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.

