STEPPENEWS.KZ: Технология әлемінің алпауыты Илон Маск Давоста өткен форумда сенсациялық болжам жасады. Миллиардердің пайымдауынша, жасанды интеллектінің (ЖИ) даму қарқыны соншалықты жылдам, ол санаулы жылдардан кейін бүкіл адамзаттың ақыл-ой әлеуетін артта қалдырмақ.
Ақыл-ой жарысы: 2030 жылға дейінгі меже
Маск ЖИ-дің адамнан озу процесі екі кезеңнен тұратынын атап өтті:
-
2025 жылға қарай: Жасанды интеллект жекелеген кез келген адамнан ақылдырақ деңгейге жетеді.
-
2030-2031 жылдарға қарай: Оның мүмкіндіктері бүкіл адамзаттың жиынтық интеллектінен де асып түседі.
Миллиардер өзіне жиі қойылатын өзге планеталықтар туралы сұраққа әзілмен жауап берді.
«Жұрт арамызда келімсектер бар ма деп сұраса, мен «иә, ол — мен» деймін. Бірақ маған ешкім сенбейді», — деді ол.
Алайда, SpaceX басшысы бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан да тоқталды. Оның айтуынша, егер Жер маңында өзге планеталық кемелер болса, оны спутниктер әлдеқашан байқар еді. Бүгінде орбитада 9 мыңға жуық спутник болса да, осы уақытқа дейін белгісіз нысандармен (НЛО) соқтығысу қаупі туындамаған.
Сана сәулесін сақтау
Масктың пікірінше, Әлемдегі саналы тіршілік — өте сирек кездесетін құбылыс. Тіпті, ол тек Жерде ғана болуы мүмкін. Сондықтан ол адамзатты осы «сана сәулесін» сөндіріп алмай, барынша қорғауға және сақтауға шақырды.
Сонымен қатар, кездесу барысында ол саяси тақырыптарды да айналып өтпей, «бейбітшілік саммиті» мен аумақтық мәселелерге қатысты өткір әзілдерімен аудиторияны серпілтіп тастады.

