STEPPNEWS.KZ: Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында қылмыс саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға азайған. Бұл шамамен 2150 оқиғаға кем. Төмендеу көрсеткіштері барлық негізгі санаттар — мүліктік, зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы қылмыстар бойынша байқалып отыр.
Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ, интернет-алаяқтық деректерінің азайғанын, сонымен бірге олардың ашылу көрсеткіші жоғарылағанын мәлімдеді.
Үш айдың ішінде құқық қорғау органдары 3,6 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Жол қауіпсіздігі саласында 3 миллионнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталды. Ведомствоның хабарлауынша, бұл жол-көлік оқиғаларынан қаза болғандар мен зардап шеккендер санының азаюына септігін тигізген.
ІІМ алқа мәжілісінде алдағы уақытқа арналған міндеттер де жеке талқыланды. Басты басымдықтар — құқық бұзушылықтың алдын алу, тергеу жұмыстарының, оның ішінде өткен жылдардағы істердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ мал ұрлығына қарсы күресті күшейту.
Бұдан бөлек, көші-қон бақылауын дамыту, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру және қызметкерлерді даярлау деңгейін көтеру жоспарлануда. Басшылыққа тәртіпті бақылауды күшейту және кез келген заң бұзушылыққа жедел ден қою тапсырылды.
Жиын қорытындысы бойынша өңірлік бөліністер мен орталық аппараттың есептері тыңдалды. Өзекті мәселелер атап өтіліп, кемшіліктерді қысқа мерзімде жою туралы нақты тапсырмалар берілді.

