Қазақстанның құқық қорғау органдары шетелде жасырынып жүрген бұрынғы адвокатты елге қайтарды.
Экс-адвокат 2023 жылдан бері тергеуден қашып жүрген
11 қазан 2025 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ІІМ Интерполдың Ұлттық орталық бюросы бірлесіп, Астанаға бұрынғы адвокатты экстрадициялады. Ол аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдікке ілінген.
Күдікті 2023 жылдан бастап тергеуден бой тасалап, елден тыс аумақта жүрген. Арнайы қызметтердің үйлескен іс-қимылының нәтижесінде оның орналасқан жері анықталып, Қазақстанға жеткізілді.
Қазір тергеу изоляторында отыр
ҰҚК мәліметінше, ер адам тергеу изоляторына қамалды, қазіргі уақытта қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қылмыстық іс бойынша өзге деректер тергеу мүддесіне сай таратылмайды. Бұл — ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес енгізілген шектеу», – делінген комитет хабарламасында.
Экстрадиция халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асты
Күдіктіні елге қайтару қазақстандық арнайы органдар мен халықаралық құқық қорғау құрылымдарының келісілген іс-қимылы арқасында мүмкін болды.