STEPPENEWS.KZ: Интернеттегі хакерлер Spotify музыкалық сервисінің 86 миллион әннен тұратын қорын заңсыз көшіріп алғанын мәлімдеді.
Anna’s Archive сайтының атынан сөйлеген хакерлер сервистің толық музыкалық каталогын торрент арқылы кез келген тыңдарманға қолжетімді болуын жоспарлап отырғанын хабарлады. Архивтің жалпы көлемі шамамен 300 терабайт.
Әзірге сайтта тек метадеректер жарияланған. Соның өзінде бұл мәліметтер Spotify ішіндегі тыңдалым құрылымына қатысты қызықты деректерді көрсетті. Атап айтқанда, сервистегі тректердің 70 пайыздан астамы мың реттен де аз тыңдалған. Сонымен қатар платформадағы ең танымал 10 мың әннің тізімі бар файл да көпшілікке ұсынылған.
Spotify компаниясы ақпараттың сыртқа шыққанын растады. Компания өкілдерінің айтуынша, қаскөйлер ашық деректерді жинап, платформаның қорғаныс жүйесін айналып өткен. Қазір бұл оқиға бойынша ішкі тексеріс жүріп жатыр.

