Тбилиси ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Финляндияның сыртқы істер министрі Элина Валтоненнің Грузияға сапарына байланысты алаңдаушылық білдіріп, ұйым хатшылығына және қатысушы мемлекеттерге нота жолдады.
Грузия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, нота мазмұнында Валтоненнің ресми бағдарлама шеңберінен тыс әрекеттері сынға алынған. Министр үкіметке қарсы шағын топ ұйымдастырған акцияға қатысып, елдегі жағдай жөнінде мәлімдеме жасаған.
«Бұл әрекеттер ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастық рухына қайшы және ұйым төрағасының бейтараптық қағидатын бұзады», — делінген грузин сыртқы саяси ведомствосының мәлімдемесінде.
Ресми Тбилиси бұл қадамды ЕҚЫҰ мандатын асыра пайдалану және Грузияның ішкі істеріне араласу деп бағалады.
Министрлік Валтоненнің іс-әрекеттері халықаралық құқықтың жалпыға танылған принциптеріне, соның ішінде мемлекеттік егемендікті құрметтеу және ішкі істерге араласпау қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.