STEPPENEWS.KZ: Алматыда мембраналар мен оқшаулағыш материалдар шығаратын жаңа өндірістер іске қосылды. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Физика-техникалық институты аумағында орналасқан «Алатау» инновациялық технологиялар паркі (арнайы экономикалық аймақ) базасында екі бірдей жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды. Бұл жобалар отандық өнеркәсіпті дамытуға, сондай-ақ су қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды қорғау бағытында Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға жол ашады.
Алғашқы жоба «Мембранэко» компаниясының кері осмосқа арналған мембраналық элементтерді сериялық өндіруіне бағытталған. Жоба ғылым, бизнес және мемлекеттің өзара ықпалдастығы нәтижесінде жүзеге асты. Сәтбаев университеті ғылыми сараптама мен зертханалық инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, жобаға теңқұрылтайшы ретінде қатысқан. Ал «Almaty Finance» пен «Самұрық-Қазына» қоры қаржылай қолдау көрсетіп, ұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік берген.

Аталған келісімдер аясында «Мембранэко» компаниясы су тазарту жүйелеріне арналған, RFID-таңбалармен жабдықталған отандық сүзгілеу элементтерін жеткізеді. Бұл технология сүзгілердің қызмет ету мерзімін цифрлық түрде бақылауға мүмкіндік береді. Жоба су дайындау саласын цифрландыруды жеделдетіп, импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтуды көздейді. Нәтижесінде отандық өнеркәсіп пен коммуналдық сектор халықаралық стандарттарға сай жергілікті өніммен қамтамасыз етіледі.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл өндірістің стратегиялық маңызы ерекше. Бұған дейін кері осмос мембраналары Қазақстанға толықтай сырттан жеткізілетін. Енді технологияның жергілікті деңгейде игерілуі, әсіресе Маңғыстау облысы сияқты құрғақ өңірлерде, су тазарту мен тұщыландыру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба экологиялық таза технологиялардың дамуына және жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындарының ашылуына серпін береді.

Екінші жоба құбырлар мен дәнекерленген қосылыстарды коррозиядан және пайдалану әсерлерінен қорғауға арналған жылумен жиырылатын оқшаулағыш материалдар өндірісіне қатысты. Бұл материалдар өнеркәсіптік талаптарды ескере отырып әзірленіп, Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Жоба «Ғылым қорының» қолдауымен «InsulTech» компаниясымен бірлесіп іске асырылды. Ол мұнай-газ, энергетика және коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы құбыр желілерін қорғауға арналған ұлттық өнеркәсіптік базаны қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, мембраналар мен оқшаулағыш материалдардың отандық өндірісін іске қосу жергілікті өнеркәсіптің дамуына, импортқа тәуелділікті қысқартуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын ашуға және экологияға бағытталған шешімдер бойынша экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

