Газа секторының денсаулық сақтау жүйесін қалпына келтіру үшін кемінде 7 млрд АҚШ доллары қажет.
Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Женевада өткен баспасөз брифингінде хабарлады.
Тедрос Аданом Гебрейесустың айтуынша, ұйым осы уақытқа дейін 41 науқас пен 145 адамды (олардың ішінде науқастарды ертіп жүрген туыстар бар) бірнеше елге эвакуациялауға көмектескен.
Алайда әлі де 15 мыңнан астам адам, соның ішінде 4 мың бала, Газа аумағынан тыс жерде медициналық көмекке зәру.
«Өкінішке қарай, эвакуацияны күтпей 700-ден астам адам қайтыс болды», – деді ДДСҰ басшысы.
БҰҰ, Еуропалық одақ және Дүниежүзілік банк жүргізген алдын ала бағалауға сәйкес, Газа секторын толық қалпына келтіруге шамамен 70 млрд доллар қажет.
БҰҰ өкілдерінің айтуынша, аймақтың барлық бөлігі қалпына келтірілмейді – кейбір аумақтар тек негізгі инфрақұрылым деңгейінде қайта салынбақ.
Мамандардың пікірінше, ең алдымен:
- ауруханалар мен медициналық орталықтарды қалпына келтіру;
- дәрі-дәрмек пен жабдық жеткізуді жолға қою;
- санитарлық және гуманитарлық инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет.
