STEPPENEWS.KZ: Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде Серік Егізбаевтың төрағалығымен ет бағытындағы мал шаруашылығын қолдау мәселелеріне арналған ауқымды жиын өтті. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуға депутаттар, сала мамандары мен сарапшылар қатысып, мал басын көбейту, өндіріс тиімділігін арттыру және экспорттық әлеуетті нығайту жолдарын егжей-тегжейлі талқылады.
Жиын барысында саланың дамуына тежеу болып отырған негізгі сын-қатерлер ретінде фермерлердің қаржыландыруға қолжетімділігінің төмендігі, мал өнімділігінің аздығы, жемшөп базасы мен асылдандыру жұмыстарының жеткіліксіздігі, сондай-ақ ветеринариялық қауіпсіздік пен кадр тапшылығы мәселелері ерекше аталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саланы түбегейлі жаңғыртуға бағытталған 2026–2030 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспарын таныстырды. Бұл құжатта жаңа технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау шараларын едәуір кеңейту көзделген. Өз кезегінде депутаттар жайылымдар туралы заңнаманың орындалу барысына, бағдарлама аясындағы қаржыландыру мерзімдеріне және фермерлерге берілетін жеңілдетілген несиелердің тиімділігіне қатысты сауалдарын қойып, экспорттық нарықтарды ілгерілету қажеттігін алға тартты. Жиын қорытындысы бойынша Комитет барлық ұсыныстарды жүйелеп, нақты іс-қимылдар жасау үшін Үкіметке жолдайтын болды.

