Алматыда жалған ақпарат пен фейк жаңалықтармен күресуге бағытталған алғашқы отандық мобильді қосымша таныстырылды. Жаңа цифрлық құрал Орталық Азия журналистерінің X семинары аясында ұсынылып, ақпараттық қауіпсіздік пен медиасауат саласындағы маңызды жаңалық ретінде бағаланды.
Семинар «Жасанды интеллект және цифрлы сауат: жалған ақпарат пен фейк жаңалықтармен күрестегі жаңа сын-қатерлер» тақырыбында өтті. Шараға медиа мамандар, оқытушылар, студенттер, халықаралық ұйым өкілдері және ақпараттық технология саласының сарапшылары қатысты.

Таныстырылған мобильді қосымша жасанды интеллектке негізделген фактчекинг құралдарын біріктіреді:
— мәтіндер мен жаңалықтардың шынайылығын талдайды;
— фейк белгілерін автоматты түрде көрсетеді;
— фото және видеоматериалдардың манипуляцияланған-манипуляцияланбағанын анықтайды;
— дереккөздің сенімділік деңгейін бағалайды.
Бұл қосымша қарапайым қолданушы үшін де, кәсіби журналист үшін де тиімді факт тексеру мүмкіндігін ұсынады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар Қазақстанда дезинформацияның таралуын азайтуға және медиасауаттылықты арттыруға нақты үлес қосады.
Семинар барысында RasInfo.kz цифрлық білім беру платформасы мен оның AI Derek атты интеллектуалды ассистенті де таныстырылды. Платформа пайдаланушыларға медиасауат бойынша модульдік сабақтар, тесттер, интерактивті тапсырмалар ұсынады. Курстарды аяқтағандар арнайы сертификат алады. Жобаны Гүлмира Серікбаевна Сұлтанбаева жетекшілік етеді.

Сондай-ақ, жоба аясында маңызды ғылыми еңбек жарық көрді — «Индикаторы некорректной информации и дезинформации в Казахстане» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл басылымда Қазақстандағы жалған ақпараттың негізгі түрлері, оның таралу ерекшеліктері және аудиторияға әсер ету механизмдері жан-жақты талданған. Кітап журналистерге, студенттерге және медиа педагогтарға арналған практикалық кеңестер мен кәсіби ұсынымдарды қамтиды.
Шарада UNESCO Алматы кеңсесінің өкілі Majer Massanov медиасауат пен ақпараттық сенімділікті қалпына келтірудің халықаралық тәжірибелерін мысалға келтіріп, әлемдік медианың фейктермен қалай күресіп жатқанын түсіндірді. Ол МИГ (медиа және ақпараттық грамотность) құралдарының көпфункционалды мультимедиялық жинағын таныстырып, қатысушыларға QR-кодтар арқылы қосымша ресурстар таратты.
Семинарда сондай-ақ Al-Farabi Supercomputer Center әзірлеген ЖИ-жүйелер – Farabi-Ask, Farabi Proctoring, Law AI, UNIVER Bot және iLearn – білім беру саласына енгізіліп жатқан жаңа интеллектуалды технологиялар ретінде көрсетілді. Бұл жобалар Қазақстанда цифрлы білім беру мен ақпараттық талдаудың жаңа кезеңін ашатыны айтылды.
Жаңа мобильді қосымша мен ғылыми зерттеулердің ұсынылуы еліміздің ақпараттық кеңістігін қауіптен қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Сарапшылар бұл бастамалар Қазақстандағы медиасауат деңгейін арттырып, фейкпен күрестің тиімділігін күшейтетінін атап өтті.
Дария ЯХИЯ
