STEPPENEWS.KZ: Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы салдарынан Еуропа биржаларында көгілдір отын құны соңғы екі күнде 60% дейін өсті. Қатардағы өндіріс орындарына жасалған шабуылдар мен логистикалық шектеулер әлемдік нарықтағы энергия ресурстарының тапшылығына әкеп соқтырды.
Нидерландыдағы TTF хабында сәуір айындағы фьючерстік келісімшарттардың құны сейсенбі күні таңертең мегаватт-сағатына 59,44 еуроға жетті. Бұл көрсеткіш өткен күнмен салыстырғанда 30% жоғары және 2023 жылдың ақпанынан бергі ең жоғарғы деңгейді көрсетіп отыр. Апта басынан бері бағаның жалпы өсімі 80% асты.
Нарықтағы мұндай құбылысқа әлемдік сұйытылған табиғи газдың 20% қамтамасыз ететін QatarEnergy мемлекеттік компаниясының мәлімдемесі себеп болды. Иран тарапынан Рас-Лаффан және Месаид қалаларындағы өндірістік нысандарға жасалған шабуылдан кейін компания жұмысын тоқтатты.Оның қайта іске қосылу уақыты белгісіз. Оған қоса, Ормуз бұғазы арқылы өтетін тасымал жолдарының жабылуы аймақтағы өзге де экспорттаушылардың мүмкіндігін шектеп тастады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай газ қорының азаюына тікелей әсер етеді. Соған қарамастан, қазіргі баға деңгейі осыдан төрт жыл бұрынғы Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс кезіндегі рекордтық көрсеткіштен төмен. Ол уақытта TTF хабындағы баға қысқа мерзімге мегаватт-сағатына 300 еуродан асқан еді. Қазіргі таңда Қатар тарапы өндірістің қашан қайта жанданатыны туралы нақты ақпарат берген жоқ.

