Болгарияның әйгілі ЦСКА футбол клубы «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының 22 жастағы қақпашысы Темірлан Анарбековті өз сапына қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Софияның ЦСКА клубы — Болгарияның ең табысты футбол ұжымдарының бірі. Команда 31 рет ел чемпионы және 21 рет Кубок иегері атанған. Қазіргі таңда «армиялықтар» ел чемпионатында жетінші орында тұр.
«Темірлан Анарбеков кәсіби жолын «Атырау» жастар академиясында бастаған. Кейін Алматының «Қайрат» клубына ауысып, біраз уақыт елорданың «Жеңіс» командасына жалға берілді», — деп жазды портал.
Ал биылғы маусымда ол нағыз сенсацияға айналды: негізгі құрамның қақпашысы Александр Заруцкийдің орнына алаңға шығып, «Селтикке» қарсы тарихи ойында алматылық клубтың Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуіне себепкер болды.
Сондай-ақ «Пафосқа» қарсы матчта (0:0) 5 қауіпті соққыны қайтарып, өз шеберлігін тағы дәлелдеді. Соның арқасында Софияның ЦСКА-сы жас қазақстандық голкиперді өз құрамына қосуға ниет білдіріп отыр.

