Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен АҚШ басшыларының саммитін өз елінде өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Парсы шығанағы елдеріне жасаған сапарынан оралған соң журналистерге берген сұхбатында айтты.
Ердоғанның айтуынша, Түркия мен оның астанасы Ыстамбұл бейбіт келісім орнату процесінде ерекше маңызға ие.
«Ресей мен Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен шешуде Түркияның, әсіресе Ыстамбұлдың рөлі тағы да айқын көрінді. Біз келіссөздерді кез келген уақытта ұйымдастыруға дайынбыз. Өкінішке қарай, Будапешттегі кездесу өтпей қалды. Дегенмен, кез келген диалог соғыстың тоқтауына ықпал етеді деп сенеміз», – деді Ердоған.
Ол сондай-ақ Түркияның екі тараппен де жақсы қарым-қатынаста екенін атап өтті.
«Біз екі тараптың сеніміне ие елміз. Бұл – бейбіт келіссөздер үшін біздің басты артықшылығымыз. Біз осы мүмкіндікті адамзат игілігі үшін пайдалануға дайынбыз», – деді президент.
Ердоған билігі соғыстың алғашқы күндерінен бастап бейбіт диалог орнату, астық келісімі және тұтқындар алмасуы сияқты гуманитарлық бастамаларды қолдап келеді. Анкара өзін бейтарап делдал ретінде көрсетіп, халықаралық қауымдастық алдында дипломатиялық беделін арттыруға ұмтылып жатыр.
