Түркияда елдің діни ахуалын қадағалайтын басты мемлекеттік құрылымдардың бірі – Діни істер басқармасының (Diyanet) жаңа төрағасы тағайындалды. Президент Режеп Тайып Ердоған бұл лауазымға бұрын Стамбұл мүфтиі қызметін атқарған профессор Сафи Арпағышты бекітті.
Профессор Арпағыш – діни және қоғамдық ортада кеңінен танылған тұлға. Ол 2023 жылы Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүріктің қайтыс болған күніне орай өткен дұға рәсіміне қатысып, қоғам назарын аударған болатын. Бұл шара зайырлы республикалық мұра мен қазіргі діни құрылымдар арасындағы тату келісімнің белгісі ретінде қабылданды.
Арпағыштың тағайындалуын жергілікті сарапшылар Түркияның діни саясаты үшін бетбұрыс сәт болуы мүмкін деп бағалауда. Енді Diyanet басшысы ретінде Сафи Арпағыш діни сенім, діни білім беру, мұсылман қауымдастықтарымен халықаралық байланыс және елдегі имамдардың қызметін реттеу сияқты мәселелерде мемлекеттік бағытты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Күтіліп отырғандай, оның басшылығымен басқарма дәстүрлі ислам құндылықтары мен Түркияның мемлекеттік бағыты арасындағы үйлесімді арттыруға басымдық беруі мүмкін. Сондай-ақ, басқарма шетелдегі діни өкілдіктері мен қорлары арқылы сыртқы қызметін жалғастырады.
Арпағыштың бұл тағайындалуы ел ішіндегі идеологиялық күн тәртібіне де әсер етуі ықтимал, әсіресе сайлау алдындағы кезең мен зайырлы және діни бағытты жақтаушылар арасындағы жалғасып жатқан пікірталас аясында.
Бұған дейін біз Ердоғанның Түркия Қарулы күштерінің жоғары басшылығында ауқымды кадрлық ауыс-түйістер жасағанын хабарлағанбыз. Белгілі болғандай, Түркия президенті енді жоғары әскери қолбасшылардың қызмет ету мерзімін 72 жасқа дейін ұзартуға құзырлы.
Бұған дейін хабарланғандай, Түркия 2028 жылға қарай экономикалық өсім мен инфляция төмендейтінін болжап отыр.

