STEPPENEWS.KZ: Польшаның Якушице қаласында өткен Әлем кубогында отандасымыз Ербол Хамитов пара биатлоннан 3-інші орынға ие болды. Қазақстандық спортшы 12,5 шақырымды 38 минут 21 секундта жүріп өтіп, ел қоржынына қола жүлде салды.

Осы қашықтықта бірінші орынды Украина спортшысы Тарас Рад (37:08) иеленсе, екінші сатыға АҚШ өкілі Пайк Аарон (38:16) жайғасты. 22-25 қаңтар аралығында өткен бәсекеге әлемнің үздік спортшылары, соның ішінде Канада, Ұлыбритания, Бразилия, Италия және өзге де елдердің өкілдері қатысты.

Бұл доданың маңызы өте жоғары. Себебі ол 6-15 наурыз аралығында өтетін XIV қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама беретін рейтингтік жарыс болып табылады. Енді ұлттық құрама спортшылары Якушицеде қалып, 28 қаңтар мен 1 ақпан аралығында пара шаңғы жарысынан өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғайды.

