Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының №2 аудандық соты дәрігерге балағат сөздер айтып, қызметіне кедергі келтірген адамды жауапқа тартты.
Іс материалдарына сәйкес, 8 қыркүйекте шамамен сағат 17:00-де ер адам Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының №1 қабылдау бөліміне баласын алып келген. Баласы аяғын жарақаттап алған еді.
Дәрігер баланың аяғы сынғанын хабарлап, гипс салу қажет екенін айтқан. Алайда ер адам бұл шешіммен келіспей, өз диагнозын қойған.
«Баланың әкесі дәрігердің әрекетіне қарсы шығып, сүйек сынбаған деген шешімге келген. Осыған байланысты ол наразылық білдіріп, бейәдеп сөздер айтып, дәрігерді жағасынан ұстаған», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотқа келген ер адам кінәсін мойындап, эмоцияға берілгенін, бейәдеп және орынсыз әрекеттерге жол бергенін айтты. Жазаны соттың қарауына қалдырды.
«Сотқа келген травматолог пациенттің әкесінен ауызша тіл тигізу мен физикалық қысым көргенін растады. Сондай-ақ ер адам басқа медициналық қызметкерлерге де құрметсіздік танытқанын атап өтті», — деп жазады баспасөз қызметі.
Мән-жайларды ескере отырып, сот ер адамды кінәлі деп тауып, оны үш күнге қамауға шешім шығарды.

 
