Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, әңгімелесті.
Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселеге қатысты ойын білдірді.
«Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек», – деді президент.
Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде әңгімеледі.
«Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда өтіп жатыр. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз», – деді мемлекет басшысы.

