STEPPENEWS.KZ: Қазақстандықтар енді Үндістанға туристік немесе медициналық мақсатпен тегін бара алады. Жаңа ереже бойынша 30 күнге дейін елде болу үшін визалық алым төлеудің қажеті жоқ.
Бұл бастаманы Үндістан тарапы екі ел арасындағы туризм мен байланысты дамыту мақсатында қолға алды. Бұрын қазақстандықтар виза үшін 36 долларға жуық алым төлесе, енді бұл қызмет толықтай тегін көрсетіледі. Сонымен қатар, медициналық визамен бірге науқасты алып жүруші тұлғаларға да жеңілдік жасалды. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл өзгерістердің ресми түрде күшіне енгенін растады.
Рұқсат құжаттарын e-Visa жүйесі арқылы онлайн немесе Астана мен Алматыдағы Үндістан өкілдіктерінде рәсімдеуге болады. Басты талап — құжаттарды сапарға шыққанға дейін кемінде 7 жұмыс күні бұрын өткізу. Бұл жеңілдіктер саяхатшылар мен емделушілер үшін Үндістанға бару процесін айтарлықтай оңайлатпақ.

