OpenAI компаниясы өз сервистерін пайдалану ережелерін өзгертті. Енді ChatGPT белгілі бір тақырыптарда пайдаланушыларға кеңес бермейді. Бұл туралы компанияның ресми сайтында жазылған.
Компанияның мәліметінше, жаңа талаптар мамандандырылған білім мен ресми лицензияны қажет ететін салаларға қатысты. Атап айтқанда, енді ChatGPT медициналық немесе заңгерлік кеңестер бермейді. Мысалы, медициналық бейнелерді (рентген, МРТ, КТ және т.б.) түсіндіруге тыйым салынды.
Сонымен қатар, OpenAI ұлттық қауіпсіздік, білім беру, тұрғын үй және еңбек қатынастары сияқты маңызды салалар бойынша да кеңес беруді шектеді. Осылайша, компания өкілдері пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеді.
OpenAI мәліметінше, жаңа ережелер компанияның барлық өнімдеріне ортақ. Енді чат-бот тек жалпы сипаттағы ақпарат бере алады, ал нақты жағдай бойынша сұрақ қойылғанда жауап беруден бас тартады.

