Астанада LRT-ның төртінші құрамы қойылды, Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
LRT-нің төртінші құрамы Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысындағы станцияға орналастырылды.
Бұған дейін Қабанбай батыр даңғылы бойына үшінші құрам орнатылған болатын. Қытайдан барлығы 19 пойыз сатып алынған.
Еске сала кетейік, 29 қыркүйектен бастап LRT сынақ режимінде жүре бастады. Бұл пойыздарда машинист жоқ. Сынақ барысында рельстер, станциялар, байланыс желілері, жылжымалы құрам, қауіпсіздік пен басқару жүйелері кешенді түрде тексеріледі. Сондай-ақ қызметкерлерді даярлау, төтенше жағдайдағы іс-қимыл және LRT-ны басқа көлік түрлерімен ықпалдастыруға басымдық беріледі.
Жүйе GoA4 автоматтандырылған басқару кешенімен жабдықталған. Ол пойыз қозғалысын, тоқтауды, есіктерді ашу-жабуды, деподан шығу мен кіруді толықтай оператордың қатысуынсыз жүзеге асырады. Мұндай технология қазіргі уақытта Сингапур, Дубай және Қытайда қолданылады.
«GoA4 – рельсті көлікті автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Бұл жүйе тиімділік пен қауіпсіздікті арттырып, LRT-ны бәсекеге қабілетті етеді. Енді осындай заманауи стандарт Астанада да іске қосылады», – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Жабдық пен инфрақұрылымды сынақтан өткізу кемінде алты айға созылады. Алғашқы кезеңде пойыздар №112–113 станциялары арасында 10 км/сағ жылдамдықпен жүреді, кейін жылдамдық пен аймақтар кезең-кезеңімен артады.
«Біз 7 айлық оқудан өттік. Астанада теориялық дайындық алып, Қытайда тәжірибемізді жетілдірдік. Енді тест жұмыстарына белсенді қатысып жатырмыз. Бұл білім болашақта жолаушылардың қауіпсіздігі үшін аса қажет», – деді LRT пойыздарының операторы Айдар Надырбеков.
Қауіпсіздік мақсатында эстакадаға және жол желісіне кіруге қатаң тыйым салынған, себебі байланыс желісінде 750 вольт жоғары кернеу бар.