STEPPENEWS.KZ: Астанадағы №35 мектеп-лицейінде қазақтың тұңғыш кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловтың мұрасын дәріптеуге арналған «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты жиын өтті. Мерекелік бағдарлама аясында қайраткерге арналған музейдің ашылуы мен оның мүсінінің тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде жүзеге асты.

Бұл маңызды жиынға Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, ғалымдар мен тұлғаның ұрпақтары қатысты. СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев министр Ермек Көшербаевтың арнайы жолдауын оқып, Нәзір Төреқұловтың қазақ дипломатиясының іргетасын қалаудағы рөлін және оның өмірі жас ұрпақ үшін отансүйгіштіктің үлгісі екенін атап өтті.
«Нәзір Төреқұлов – мемлекетшілдіктің биік деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада қазақ дипломатиясының іргетасын қалаған айтулы қайраткер. Оның парасаты мен білімі, ел алдындағы жауапкершілігі мен адамдық арына адалдығы – бүгін жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің жарқын үлгісі», – делінген министрдің жолдауында.

Салтанатты іс-шара мұраны талқылауға арналған ғылыми-практикалық конференциямен және Түркістан музейі дайындаған көшпелі көрмемен жалғасты. Назира Төреқұлова атындағы халықаралық қайырымдылық қоры ұйымдастырған бұл шара отандық дипломатия тарихын тереңірек тануға және ұлттық мүддені қорғаудың шынайы үлгісін көрсетуге бағытталды.

