STEPPENEWS.KZ: ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық кезеңді қорытындылау сатысына аяқ басты. Осы уақыт ішінде ұлттық құрамаларды кешенді даярлау қамтамасыз етіліп, спортшылар барлық негізгі лицензиялық жарыстарға қатысты. Олимпиадалық кезең биыл 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарымен түйінделмек.
Қазіргі уақытта елімізде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары, тау шаңғысы, фристайл (могул, акробатика), сноуборд, шаңғы қоссайысы, шайбалы хоккей, ски-альпинизм және трамплиннен секіру бағыттарына басымдық беріліп отыр.
Олимпиада ойындарына сапалы дайындық жүргізу мақсатында ұлттық командалар шетелдерде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, халықаралық жарыстарға жүйелі түрде қатысты. Жалпы, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 434 халықаралық жарысқа қатысты.
Дайындық сапасын арттыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Нидерланд, Польша, Германия, Румыния, Ресей, Беларусь, Болгария және Словения елдерінен әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.
Төрт жылдық олимпиадалық циклді қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат пен демеушілер есебінен 13,3 млрд теңге бағытталды. Қаржының негізгі бөлігі спорттық құрал-жабдықтар мен экипировка сатып алуға, спортшы-нұсқаушылар мен жаттықтырушылар құрамының (оның ішінде шетелдік мамандардың) еңбекақысын төлеуге, медициналық-фармакологиялық қамтамасыз етуге, халықаралық және лицензиялық жарыстарға қатысуға, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуге, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға жұмсалды.
Қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды даярлау Мемлекет басшысының спорт саласын жаңғырту және жоғары жетістіктер спортындағы нәтижелерді арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда. Туризм және спорт министрлігі қысқы спорт дисциплиналарын дамытуға және елдің спорттық резервін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады.

