STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында электросамокаттарды пайдалануды реттеу және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Іс-шараға полиция департаментінің, прокуратураның, қала әкімдігінің басшылығы және кикшеринг қызметін көрсететін компаниялардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында электросамокаттарды ресми түрде көлік құралы ретінде тануға бағытталған заңнамалық өзгерістер талқыланды. 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа нормалар жалға берілетін электросамокаттарды пайдалану үшін бірыңғай міндетті талаптарды енгізуді көздейді. Бизнес үшін өтпелі кезең қарастырылған.
Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, пайдаланушылардың тәртібін бақылау және кикшеринг операторларының жауапкершілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдиновтың айтуынша, негізгі мақсат – қалалық мобильділікті шектеу емес, оны қауіпсіз басқару.
– Электросамокаттар бүгінде жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды. Сондықтан оларға қойылатын талаптар да өзге көлік құралдарына белгіленген ережелер секілді нақты әрі міндетті болуы тиіс, — деді ол.
Полиция дерегінше, 2025 жылы Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 386 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 400-ден астам адам зардап шеккен. Заң бұзғаны үшін 24 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мыңнан аса электросамокат арнайы тұрақтарға қойылған.
Кеңес аясында кикшеринг операторларына қойылатын талаптар да қаралды. Атап айтқанда, міндетті сақтандыруды енгізу, электросамокаттарды нөмірлік белгілермен жабдықтау және геозоналау жүйесін қолдану мәселелері көтерілді.
Кездесу қорытындысында тараптар профилактикалық жұмыстарды күшейтуге және жаңа талаптарға кезең-кезеңімен бейімделуді қамтамасыз етуге уағдаласты.

