STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді сынау басталады. Пилоттық жобалардың іске қосылатыны туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық ұтқырлық пен логистиканы дамыту аясында бірқатар инновациялық бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, Алматыда, Астанада және Ақмола облысының аумағында жүргізушісіз такси жобаларын пилоттық режимде іске қосу көзделіп отыр.
Ведомство мәліметінше, автономды көліктерді енгізу көлік саласын цифрлық тұрғыда жаңғыртудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Ұзақ мерзімді кезеңде жүргізушісіз технологияларды дамыту цифрлық экономиканың жаңа сегментін қалыптастырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға және бюджетке түсетін түсімді арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сынақ мерзімі мен жобалардың техникалық сипаттамалары туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

