STEPPENEWS.KZ: Елімізде қызылша дертінің өршуіне байланысты санитарлық талаптар күшейтіліп, тиісті қаулыға Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қол қойды. Жаңа ережеге сәйкес, білім беру мекемелерінде ауру тіркелген жағдайда вакцина алмаған оқушылар уақытша шеттетіледі.
Егер мектепте немесе балабақшада қызылша жұқтырған бір бала анықталса, екпесі жоқ тәрбиеленушілер мен оқушыларға сабаққа қатысуға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар, балалар мен мекеме қызметкерлерінің денсаулығын бақылау мақсатында күн сайын міндетті «таңертеңгілік сүзгі» (тексеріс) шаралары енгізілді. Балабақша топтарындағы вакцинация деңгейі кемінде 90 пайызды құрауы тиіс.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дерегінше, індетке шалдыққандардың басым бөлігі — уақытылы егілмеген балалар. Жыл басынан бері республика бойынша қызылша жұқтырудың 3 мыңнан астам дерегі ресми тіркеліп отыр.

