STEPPENEWS.KZ: Жаңа жыл қарсаңында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 2026 жылға арналған дәстүрлі құттықтау сөзін жариялап, елдің өткен жылдағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.
Құттықтауында Си Цзиньпин Қытайдың экономикалық дамуы, сондай-ақ мәдениет, өндіріс, ғылым мен технология және спорт салаларында атқарылған маңызды жұмыстарды қорытындылады.
Шығыстанушы, Қазақстан РеспубликасыныңҰлттық академиялық кітапханасының ғылыми қызыметкері Шыңғыс Бегімтайдың айтуынша, Қытай басшысы 14- бесжылдық даму жоспарының нәтижелерін түйіндеп, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын 15- бесжылдыққа көшу кезеңіндегі негізгі міндеттерді белгіледі.
– Си Цзиньпин 14- бесжылдық жоспар аясында қойылған мақсаттардың орындалғанын, экономикалық және әлеуметтік даму бойынша маңызды нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ, елдің экономикалық қуаты, халықтың өмір сүру деңгейі, ғылыми-техникалық әлеуеті, қорғаныс қабілеті және жалпы ұлттық күші жаңа биікке көтерілгенін айтты, – деді Ризабек Нүсіпбек.
Сарапшы Қытай төрағасының құттықтауындағы инновациялық даму мәселесіне айрықша назар аударды. Оның пікірінше, жасанды интеллект, ұлттық чип өндірісі, ғарыштық миссиялар (Tianwen-2) және әскери-техникалық жетістіктер – қазіргі Қытай дамуының айқын көрінісі.
– Бүгінде инновация елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторға айналды. Қытай бұл салада әлемдік көшбасшылардың бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та инновациялық даму мен ғылымды ілгерілетуге басымдық беріп келеді. Мемлекет басшысы жаңа жылдық құттықтауында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялады. Осыған байланысты, екі елдің аталған бағыттағы ынтымақтастығы зор әлеуетке ие, – деді қазақстандық сарапшы.
Шыңғыс мырзаның айтуынша, 2025 жыл Қазақстан мен Қытай тарихы үшін ерекше мәнге ие. Себебі, ІІдүниежүзілік соғыстағы (1941–1945) Жеңіске 80 жыл толды.
– Қытай төрағасының шақыруымен Бейжіңде өткен салтанатты әскери парадқа Қазақстан Президенті арнайы қатысты. Қазақстан мен Қытай арасындағы тығыз ынтымақтастық ортақ тарихи байланыстар мен өзара сенімге негізделген. 30 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қытай Халық Республикасының Елшісі Хань Чуньлиньді қабылдап, Қазақстанның «бір Қытай» қағидатын берік қолдайтынын, ҚХР үкіметінің бүкіл Қытай үшін жалғыз заңды үкімет екенін және Тайвань оның ажырамас бөлігі екенін растады, – деді ол.
Қазақстандық сарапшының пікірінше, Қытай 2025 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін, Дүниежүзілік әйелдер саммитін және IX қысқы Азия ойындарын сәтті өткізді.
– Си Цзиньпин атап өткендей, Қытай барлық елдермен бірлесе отырып, әлемдік бейбітшілік пен дамуды ілгерілетуге, адамзаттың ортақ болашағы қоғамдастығын құруға күш салуда. Бұл тұрғыда Қазақстан – ШЫҰ-ның белсенді қатысушысы. Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік әйелдер саммитіне қатысты. Ал,Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы тарихи жетістіктерге жетіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады, – деді сарапшы.
Шыңғыс мырзаның атап өтуінше, Си Цзиньпиннің жаңа жылдық құттықтауы Қытайдың соңғы жылдардағы даму нәтижелерін жинақтай отырып, инновация мен экономикалық өсімді нығайтуға, ұлттық бірлікті сақтауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды үндеу болды.

