STEPPENEWS.KZ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан жаңа тарихи кезеңге нақты мақсаттармен қадам басып отыр. Бұл – экономиканы жаңғырту, оны заман талабына сай бейімдеу және ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету деген сөз.
«Turkistan» газетіне берген сұхбатта Мемлекет басшысы экономикалық саясатта ұстамдылық пен жауапкершілік қағидаттарының маңызды екенін атап өтті. Ел дамуы үшін жалған уәде мен қысқа мерзімді әсерге емес, нақты нәтиже беретін шешімдер қажет. Бұл – қазіргі кезеңнің басты талабы.
Президент экономикалық өсім халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты болуы тиіс екенін де айқын жеткізді. Яғни, даму көрсеткіштері қағаз жүзінде ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінде сезілуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, жаңғырудың жаңа кезеңі – тек экономикалық модельді өзгерту емес, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейту.
Сұхбатта айтылған ойлар экономиканың басты мақсаты – елдің тұрақтылығы мен тәуелсіздігін нығайту екенін көрсетеді. Бұл бағытта жүйелілік пен сабақтастық негізгі ұстаным болып қала береді.
