Әлеуметтік желіде сабақ кезінде нұсқаушы қыздың қолынан тартып, жаттығуды күштеп жасатқаны түсірілген видео тарады. Осыдан кейін бала ауырып қалған қолын бауырына қысып, жылаған.
Видеоның астында зардап шеккен қыздың анасы сабақтан кейін баланы бірден ауруханаға апарғанын және оған гипс салынғанын жазған. Ата-ана полицияға арыз түсірді.
«Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Алдын ала дерек бойынша Екібастұз қаласындағы түзету орталықтарының бірінде нұсқаушы кәмелетке толмаған балаға қатысты өз міндетін дұрыс орындамаған», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары бейнежазбаны алып, оны әрі қарай зерттеп жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп түйіндеді полицейлер.
