Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде еліміздегі музейлердің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыруға арналған E-museum порталының тұсаукесері өтті. Жоба Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласының елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи мұраны сақтаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаһандану мен цифрландыру жағдайында мәдени мұраны сақтау және қолжетімді ету жаңа форматтарды талап етеді. Осы тұрғыда музейлерді цифрландыру мемлекеттік мәдени саясаттың басым бағыты саналады.
«Ұлттық мұрамызды сақтау, ғылыми айналымға енгізу және кең аудиторияға қолжетімді ету – мемлекетіміздің мәдени саясатының басым бағыттарының бірі. Музей саласын цифрландыру оның халықаралық деңгейде танылуына және насихатталуына ерекше әсер етері сөзсіз», – деді Аида Балаева.
Қазіргі таңда Қазақстанда 280-нен астам республикалық және өңірлік музей мен музей-қорық жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам экспонат сақталған, жыл сайын музейлерге 6 миллионнан аса адам келеді.

E-museum порталы музей қорларын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіріп, мәдени құндылықтарды ғылыми тұрғыда сипаттауға және халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба шетелдік музейлермен және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады.
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылды. 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылып, 15 мыңнан астам экспонат цифрландырылды, 50 үшөлшемді модель жасалды. 2024–2025 жылдар қорытындысы бойынша еліміздің барлық 20 өңірінен 252 музей жүйеге толық енгізілді. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей қорының бірлігі енді, 750 үшөлшемді модель әзірленіп, 15 виртуалды тур ұсынылды.
E-museum порталы өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып, мәдени мұраны қашықтыққа қарамастан кең аудиторияға қолжетімді етеді. Жобаның дамуы Қазақстанның халықаралық мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.

