STEPPENEWS.KZ: Қазақстандық танымал дзюдошы Әбиба Әбужақынова жеке өміріндегі айтулы жаңалығымен бөлісіп, жанкүйерлерін қуантты. Спортшыға сырға салу рәсімі өтіп, ол ресми түрде келін атанды. Әбиба бұл қуанышын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, көпшіліктен сүйінші сұрады.
«Сырғалым атандым… Бірақ спорттан кеткен жоқпын. Алда – 2028 жылғы Жазғы Олимпиада!» — деп жазды ол өзінің болашақ жоспарлары туралы.

Белгілі болғандай, Әбибаның жүрегін жаулаған азамат — дзюдодан ұлттық құрама мүшесі Ермахан Әнуарбеков. Ол Almaty Junior Asian Cup турнирінің алтынын иеленген, Қазақстан чемпионы және спорт шебері. Ермахан халықаралық Grand Slam және Grand Prix додаларында ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі балуандардың бірі.
Қос спортшының отбасылық өмірі олардың мансабына кедергі келтірмейтін көрінеді. Әбиба Әбужақынова алдағы уақытта да үлкен спортта қалып, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарында бағын сынауға бел буып отыр.

