SteppeNews.kz: Әлемдегі ең танымал ғимараттардың бірі — Jumeirah Burj Al Arab қонақүйі 27 жылдық тарихында алғаш рет реставрацияға жабылады. Бұл туралы Gulf News басылымына сілтеме жасап SteppeNews.kz хабарлайды.
Кезең-кезеңімен жүргізілетін жұмыстар шамамен 18 айға созылады. Осы уақыт аралығында қонақүй келушілерді қабылдауды толық тоқтатады. Жаңғырту жұмыстарының мақсаты — Дубайдың басты символын оның тарихи келбетіне нұқсан келтірмей, болашақ ұрпақ үшін сақтап қалу.
Реставрация процесіне Париждегі Hôtel de Crillon қонақүйінің дизайнын жасаған әйгілі француз интерьер-архитекторы Тристан Оэр жетекшілік етеді. Маманның айтуынша, жұмыс барысында ғимараттың ішкі құндылығына аса ұқыптылықпен қарап, қолданыстағы декордың 70–80 пайызын шеберлердің көмегімен қолмен қалпына келтіру жоспарлануда.
Айта кетейік, қонақүйде мәрмәрмен, алтын жалатылған бөлшектермен және Swarovski кристалдарымен безендірілген 198 люкс нөмір бар. 1999 жылы ашылған сәттен бастап бұл нысан жай ғана қонақүй емес, Дубайдың сәнді туризмінің жаһандық нышанына айналды.

