STEPPENEWS.KZ: Қонаев қаласы маңындағы оқу-жаттығу орталығында Алматы, Қонаев және Жетісу гарнизондары барлау бөлімшелерінің жоспарлы далалық жиыны өтуде. Мұндағы сабақтар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, нағыз ұрыс қимылдарындай өтеді.

«Қалқан» лақап атты майордың айтуынша, барлаушыларды даярлауда тәжірибелік дайындыққа басымдық беріледі. Жиын барысында десантшылар мынадай маңызды бағыттарды меңгеруде:
-
Миналау-жару ісі және тактикалық медицина;
-
Ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару;
-
Түрлі қару-жарақтан оқ ату;
-
Қарсыласты жасырын жою, пышақ пен сапер күрегін лақтыру тәсілдері.
Сонымен қатар, сарбаздар бүркемеленген орындардан бақылау жүргізуді, жергілікті жерді бағдарлауды және траншеяда ұрыс жүргізуді пысықтауда.

Жеке құрамның кәсіби өсуіне ерекше көңіл бөлінуде. Күзде әскерге алынған сарбаздардың арасында небәрі үш айда кіші сержант атағын алып, бөлімше командирі болған Нөгербек Тәтімбектің нәтижесі жоғары.
Нөгербек – киокушинкай каратэден қара белбеу иегері және 2024 жылғы әлем чемпионы. Жоғары білімі бар сарбаз Десанттық-шабуылдау әскерлерін өз қалауымен таңдаған.
«Далалық жағдайдағы сабақтар барлаушы қызметінің мәнін терең түсінуге мүмкіндік беріп, жауынгерлік рухты қалыптастырады», – дейді ол.
Мұндай далалық жиындар бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттырып, барлаушылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға зор үлес қосады.

