STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының күрт көбеюі депутаттардың алаңдаушылығын тудырды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізуші куәлігін заңсыз беру деректерін түбегейлі жою қажет екенін айтып, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады.
Келтірілген мәліметке сәйкес, өткен жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында елде 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 32 мыңнан аса адам жарақат алып, 1 446 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 7 мыңға көп. Соңғы бес жылда жол апаттарынан 12 мыңнан астам адам көз жұмған, олардың мыңнан астамы — балалар.
Депутаттар жолдағы қайғылы жағдайларға алып келетін негізгі себептерді де атап өтті. Бірінші фактор — жүргізушілердің жауапкершілігінің төмендігі. 2024 жылы елде 12 миллион 600 мың жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелсе, 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 9 миллион 700 мыңға жеткен. Мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асады.
Екінші себеп ретінде жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілері аталды. Соңғы жылдары осындай 222 қылмыстық іс анықталған. Сонымен қатар, депутаттар жол инфрақұрылымының сапасыздығы да апат санының артуына әсер етіп отырғанын жеткізді.
Осы деректерді келтірген Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкіметтен жол қауіпсіздігіне қатысты талаптарды күшейтуді сұрады.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жол қауіпсіздігі – жекелеген саланың емес, адам өміріне тікелей әсер ететін мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Себебі жол қысқартамын деп асыққандардың өмірі қысқарып кетіп жатыр. Осыған байланысты депутаттық сауалда көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты шаралар қабылданып, жүйелі жұмыс жүргізілуін сұраймыз.

