Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар мен пайыздық мөлшерлемелерді өтеу бойынша жиналып қалған берешек мәселесін көтерді.
Депутаттың айтуынша, 2023 жылдан бері фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер субсидияларын ала алмай отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың барлық шарттарын орындағанына қарамастан, Үкімет өз міндеттемелерін уақытылы орындамаған.
«Фермерлер егін егіп, өнімін жинап, несиелерін жапты. Бірақ мемлекет өз уәдесін қашан орындайды деп күтіп отыр. Қаржыны уақытылы бермеу созылмалы дертке айналды», — деді Мархабат Жайымбетов.
Оның мәліметінше, 2025 жылы көзделген 87,8 млрд теңгенің тек 11,6 млрд теңгесі ғана төленген. Ал Үкімет резервінен бөлінген 80 млрд теңгенің небәрі 36,3 млрд теңгесі игерілген.
2023 жылдан бастап субсидияларды қаржыландыру жергілікті бюджеттерге берілген. Алайда аймақтардың көбі дотациялық болғандықтан, төлемдерді қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан жаңа өтінімдер қаржыландырылмай, биылғы қаржы өткен жылдардың қарыздарын өтеуге жұмсалуда.
«Шешілмеген мәселені жергілікті бюджетке ысыра салуға болмайды. Бұл фермерлерге қосымша жүк болып отыр. 6% деп жарияланған жеңілдетілген несиенің орнына олар банктердің 22% және одан жоғары өсімін төлеуге мәжбүр», – деді депутат.
Субсидиялар мен өтемақылардың кешіктірілуі ауыл халқының табысына да кері әсер етті. Фермерлер жеке қосалқы шаруашылықтардан шикізатты әділ бағамен сатып ала алмай отыр, бұл ауыл тұрғындарының кірісін азайтып, мемлекеттің ауыл әл-ауқатын арттыру саясатына нұқсан келтіреді.
Әкімдіктердің дерегінше, 2025 жылғы 1 қазанға дейін жалпы берешек көлемі 341 млрд теңгеге жеткен, оның ішінде 136,5 млрд теңгесі – өткен жылдардан қалған қарыз.
Мархабат Жайымбетов Үкіметтен бұл мәселені жедел шешуді талап етіп, бірнеше ұсыныс айтты:
- Аймақтар бойынша субсидиялар мен өтемақылар берешегін өтеу кестесін анықтап, жариялау;
- 2023–2025 жылдар аралығындағы субсидия түрлері мен төлем мерзімдері туралы Мәжіліске нақты ақпарат ұсыну;
- Жаңа бюджет бекітілгенге дейін Үкімет резервінен өткен жылдардың қарыздарын жабуға қаржы бөлу;
- Фермерлерге төлем мерзімдері мен есеп айырысу барысы жөнінде ашық ақпарат беру.
«Мәселе өте күрделі және жауапты органдар мен қаржыландыру көздерін нақты айқындауды қажет етеді. Үкіметтен осы бағыттағы нақты іс-қимыл күтеміз», — деп түйіндеді депутат.
