STEPPE.NEWS.KZ: Жұмыс сапары аясында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Қалқаман» метро бекетінің құрылыс барысымен, сондай-ақ қолданыстағы «Бауыржан Момышұлы» бекетін жаңа станциямен байланыстыратын аралық учаскедегі жұмыстармен танысты.
Қала әкіміне «Бауыржан Момышұлы» мен «Қалқаман» бекеттерін жалғайтын сол жақ аралық тоннель көрсетілді. Қазіргі уақытта бұл тоннельдің құрылысы толық аяқталған. Арнайы платформа арқылы сынақ жүрісі жүргізіліп, оның барысында әкім атқарылған жұмыстардың сапасын, жол инфрақұрылымының жағдайын және техникалық жүйелердің жұмысын көріп шықты.

Дайын аралық тоннельде құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде орындалған. Атап айтқанда, түйіспесіз рельс жолы төселіп, жарықтандыру, бейнебақылау, өрт және күзет дабылы жүйелері орнатылған. Сонымен қатар инженерлік желілер мен дренаж жүйесін монтаждау жұмыстары жүргізілген. Барлық жұмыстар белгіленген қауіпсіздік талаптары мен технологиялық стандарттарға сәйкес атқарылған.
Сонымен бірге оң жақ аралық тоннельді қазу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жоспарланған 1 590 метрдің 1 390 метрі қазылып болды. Құрылыс жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дайын учаскелерде рельс төсеу және инженерлік желілерді орнату жұмыстары қатар атқарылып жатыр.

«Қалқаман» метро бекетінде монолитті құрылымдарды тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Вестибюльде, платформада және техникалық үй-жайларда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік жүйелер орнатылып, сәндік элементтерді монтаждау, сондай-ақ эскалаторлар мен жеделсатыларды орнатуға дайындық басталды. Құрылыс алаңында 470-тен астам маман еңбек етуде.
Дархан Сатыбалды метро желісін дамыту қаланың көлік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жерасты көлігі инфрақұрылымын кеңейту қаладағы көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін арттырады.

Жоба аясындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланған. Бұдан кейін нысан іске қосу және баптау жұмыстары үшін пайдалануға беріледі.

